Өнер • 06 Сәуір, 2018

Қызылордада Батырхан Шөкенов атындағы республикалық әншілер байқауы өтеді

1016 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мамырдың 16-18 күндері аралығында Қызылорда қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған «Отан-Ана»ІІ республикалық әншілер байқауы ұйымдастырылмақ. Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорданың 200 жылдығына тұспа тұс келген бұл жарысты Қызылорда облысы әкімдігі қолдап отыр.

Қызылордада Батырхан Шөкенов атындағы республикалық әншілер байқауы өтеді

Республикалық байқауға 18-30 жас аралығындағы әншілер қатысатын болады. Қатысушылардың өнер көрсету реттілігі алдын-ала жеребе таңдау арқылы анықталмақ.

Байқаудың басты ерекшелігі әншілерге минусовкада бэк-вокалды қолдануға рұқсат берілмейді. Конкурстың бірінші кезеңінде талапкер  еркін тақырыптағы әнді  фонограммамен  (минус-1) орындаса, ІІ кезеңде Батырхан Шөкеновтің әнін инструменталды ансамбльдің сүйемелдеуімен айтуы тиіс. Қатысушылардың өнерін бағалайтын қазылар алқасының құрамында белгілі кәсіби музыканттар, композиторлар, өңдеушілер мен мәдениет және өнер қайраткерлері болады. Ресейден танымал музыканттар мен белгілі тұлғалар арнайы қонаққа келмек.

Конкурсты ұйымдастыруға Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Таңдау» продюсерлік орталығы кірісті.

«Ал 18 мамырда байқау үміткерлерінің қатысуымен ашық аспан астында Батырхан Шөкеновты еске алуға арналған Гала-концерт болады. Дәл осы күні әншіге ескерткіш қойылып, ас беріледі. Сонымен қатар, өнерпаздар тал отырғызып, қаланы көгалдандыру жұмысына да ат салысады. Байқау тұңғыш рет 2016 жылы өткізіліп, оған 27 өнерпаз қатысқан еді» дейді шараны ұйымдастырушылар.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».  

АЛМАТЫ